Қазақстандық хоккейші Дамир Рыспаев Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) ойындарына қатыса алады. Спортшы жақын күндері Барыс сапына оралатын болады, - деп хабарлайды Чемпионат. 2016 жылдың тамыз айында ҚХЛ қазақстандық хоккейшіні мерзімсіз уақытқа жазалаған еді. Себебі Барыс сапында ойнап жүрген Дамир маусым алдындағы ойындардың бірінде жаға жыртысқан-ды. Нақтырақ айтсақ, Қытайдың Кунлунь Ред Стар командасына қарсы ойында бірнеше ойыншыны қуып жүріп сабаған еді. Тіпті Томаш Марцинко Дамирмен болған жекпе-жектен кейін ауруханадан бір-ақ шыққан болатын. Нәтижесінде ҚХЛ-дің қаһарына ұшыраған-ды. Қыркүйек айында тәртіптікбақылау комитеті хоккейшіге Жоғарғы хоккей лигасында Торпедо командасы сапында ойнауға рұқсат берді. Ал құрлықтық хоккей лигасының есігі жабық қалған болатын. Айта кетейік, Дамир Рыспаев Өскемен хоккей мектебінің түлегі.