ҚФФ президенті қызметін Сейілда Байшақов атқарады
Бүгін, 2016 жылдың 19 қазан күні Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Ерлан Қожағапановтың қызметін Сейілда Байшақов атқаратын болды.
- ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтың білім алу үшін ұзақ уақыт кетуіне байланысты Федерация президентінің міндеті Сейілда Икрамұлы Байшақовқа жүктелді, - делінген ресми хабарламада.
Ерлан Қожағапанов оқуға кетуіне байланысты қызметін уақытша вице-президент Сейілда Байшақовқа табыстағанын айтты.
- Бүгін мен атқарушы комитеттің отырысын ұйымдастырып, ұзақ уақыт оқуға кетуіме байланысты өз өтінішімді білдірдім. Атқарушы комитет өтінішімді қабыл алды. Менің қызметімді уақытша вице-президент Сейілда Байшақов атқаратын болады, - деді ол.
Ерлан Қожағапанов Қазақстан футбол федерациясының президенті болып 2014 жылдың желтоқсан айында сайланған болатын.
Айта кетейік, осыған дейін ҚФФ президенті қызметіне Айсұлтан Назарбаев өзінің кандидатурасын ұсынған болатын.