Кезек - «Қайратта!»

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ fckairat.kz

Кеше «Астананың» жеңісінен кейін қазақстандық жанкүйерлер «Қайраттан» да жеңіс күтері анық. Бір апта бұрын Владимир Вайсс жаттықтыратын клуб Алматының орталық стадионында «Абердиннен» 2:1 есебімен басым түскен болатын. Бұл нәтижемен қазақстандық клуб плей-офф кезеңіне аяқ басып тұр деп айта алмаймыз. Алаң иелерінің Алматыда соққан голының «салмағы ауырлау» болып тұр. Ол үшін қазақстандық клуб ойыншылары бірінші ойындағы жүйесін ұстанып, қателікке бой алдырмаулары тиіс. Өрескел тәртіп бұзып, алаңнан қуылудан аулақ болғандары жөн. Қорғаныста ойнап, қол қусырып қарап қалуға болмайды. Дегенмен де, «Қайраттың» ойыны – қорғаныста ойнау емес.

- Қазақстаннан жол ұзақ болды. Оның үстіне ұшағымыздан ақау шығып, Абердинге кешігіп келдік. Алайда бүгін тынығып, жаттығуды бастап кеттік. Зауырбек Плиев ойынға шығуға дайын емес, ал Гоу мен Риераның аздап жарақаты бар. Біздің мақсатымыз – Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығу. Алайда бұл оңай емес, себебі «Абердин» мықты ұжым. Бүгін шабуылға көбірек иек артамыз. Біз тек гол соғып, жеңіске жетуге тырысамыз, - деді Абердинде өткен ойын алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайрат» командасының бас бапкері Владимир Вайсс.

Ойын алдындағы команданың жаттығуы

Букмекерлік орталықтар алаң иелерін аз да болса фаворит санауда. «Абердин» командасының жеңісіне – 2,06 коэффициент, тең ойынға – 3,31, «Қайрат» жеңісіне 3,49 коэффициент ұсынуда.

Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясындағы «Абердин» мен «Қайрат» ойыны бүгін түнгі сағат 00:45-те Абердиндегі (Шотландия) «Питтодри» стадионында өтеді. Қазақстандықтар бұл ойынды тікелей эфирде тамашалай алмайды.

«Қайратқа» сәттілік тілейміз!

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама