Кенжисариевті белгісіздер соққыға жыққан
Жақында ғана Исландияда өткен Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде сәтті ойын өрнегін көрсеткен қорғаушы елге оралған соң, Ыстықкөлде демалуды ұйғарған екен. Алайда Эмильдің 11 тамыз күні ауруханада жатқаны туралы "Вконтакте" желісіндегі клубтың парақшасында ақпарат тарады. Ақпараттарға сүйенсек, Эмиль Кенжисариев Алматыға пәтер алуға келген көрінеді. Футболшының қолында қомақты қаржы болғанын білген қарақшылар соққыға жыққан. Бастың самай бөлігінен ауыр соққы алған футболшының денсаулығы жайында дәрігерлер 2-3 күнде жан сақтау бөлімінен шығады деп отыр. Қазір күдіктілерді іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Ал «Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Никитенко:«Кенжисариев пен команда мүшелеріне сейсенбіге дейін демалыс бергенмін. Қазір команда жаттығуды бастады. Ал Кенжисариевке көмекке команданың дәрігерлерінің бірі кетті» деп мәлімдеді.
Сергей Елисеев, "Ақтөбе" командасының дәрігері:
- "Эмильдің денсаулығы 3 күннен кейін аздап жақсарғандай. Аяғы мен қолын қимылдатады. Көзін ашып, айтқаныңды тыңдай алатын халге жетті. Алғашында дәрігерлер ІІІ дәрежедегі жарақат деген болатын. Қазір футболшы І дәрежедегі жарақат халінде. Футболшының жанында отырған ағасы бар жағдайын жасауда. Команда да қолдан келген көмегін аямауда. Дәрігерлердің айтуынша, футболшы денсаулығы аз дегенде 2-3 аптада түзеледі деп отыр. Ал Эмильдің толық сауығып кетуі жайлы ешкім анығын айта алмай отыр"
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com