ҚазҰУ чемпиондарын қарсы алды
Оңтүстік Кореяда еліміздің абыройын асқақтатқан спортшыларды Алматы әуежайынан БАҚ өкілдері, ҚазҰУ басшылығы, жаттықтырушылар, оқытушылар мен студенттер зор қошеметпен күтіп алды. Жеңімпаздарды қарсы алу шарасы аясындағы баспасөз мәслихатында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов чемпиондарды арнайы құттықтап, сөз сөйледі.
- Қазақстан құрамасы жазғы Универсиададан 6 алтын медаль иеленді. Бұл біздің еліміздің жазғы Универсиадаға қатысу тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Олардың бесеуі біздің университеттің студенттерінің еншісінде, сондай-ақ бұл – бірегей жетістік. Алғаш рет бүкіләлемдік Универсиада тарихында осындай көлемдегі медальдарды бір ЖОО студенттері жеңіп алып отыр. Барлығы Қазақстан құрамасы сапына университеттен тоғыз студент енген. Біз бүкіләлемдік Универсиада ойындарында жеңіске жеткен өз споршыларымызбен мақтанамыз және оларға үлкен үміт артамыз. Олардан Рио-де-Жанейрода өтетін алдағы Олимпиада ойындарында жаңа жеңістер күтеміз», - деп атап өтті. Бұл туралы ҚазҰУ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жазғы Универсиадада ҚазҰУ студенттері сапынан Виктория Зябкинаның «жұлдызы» жанды. Ол Кванджуда екі рет жекелей сында, бір рет эстафеталық аламанда алдына жан салмады. Сондай-ақ, Виктория маусым айында өткен Азия чемпионатында (Қытай) Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған болатын.
Жүзу спортынан Дмитрий Баландин де – ҚазҰУ студенті. Ол Кванджудан 1 алтын, 1 қола жүлде еншілеп қайтты. Сырықпен секіруден жоғары нәтиже көрсеткен Никита Филиппов та ұлттық университетте білім алушылардың бірі. Сондай-ақ, эстафеталық сында алдына жан салмаған желаяқ арулардың бірі – Светлана Иванчукова да ҚазҰУ-да білім алады.
Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білікті мамандар даярлап шығарып қана қоймай, танымал спортшыларымен де мақтана алады. Мысалы, ҚазҰУ студенттері 2014 жылы Инчхонда өткен XVII Азия ойындарында 4 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль иеленді. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында ел құрамасы сапында ҚазҰУ-дің 11 студенті қатысты. Ауыр атлет Светлана Подоведова жеңіс тұғырынан көрінген болатын.