«ҚазМұнайГаз» «Галатасарай» командасына демеуші болуы мүмкін
Түркиялық Fanatik танымал спорт журналы хабарлағандай, «Галатасарай» футбол клубының президенті Ұнал Айсал арадағы келісімшартты бір жақты ету мақсатында Қазақстанға келе жатқан көрінеді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы клубтың жейделерін жарнамалау үшін 10 миллион АҚШ долларын ұсынып отыр. Түркиялық ақпарат құралдарының жазуы бойынша, клуб басшылығы бұл үшін 15 миллион АҚШ долларын талап етуде. «Галатасарай» футбол клубының бұрынғы демеушісі Türk Telekom жейдеге 7 миллион АҚШ долларын берсе, қосымша 2 жарым миллион доллар қолма-қол төлеген екен.
Клуб президенті Ұнал Айсал «ҚазМұнайГаз» компаниясымен 15 миллион АҚШ доллары көлемінде келісімшарт жасасуды көздеп отыр.
Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың сәуір айында қазақстандық "Астана" Президенттік кәсіби спорт клубы мен түркиялық "Галатасарай" спорт клубы әлеуетті комммерциялық мүмкіндіктерін жетілдіре түсу мақсатында өзара ынтымақтастық мемарандумға қол қойған болатын. Бұл Мемарандум да екі тарап арасында алдағы уақытта келіссөздерді ойдағыдай аяқтауға септігін тигізуі әбден мүмкін. Егер, расымен де «ҚазМұнайГаз» бен «Галатасарай» келісімге келіп жатса, онда клуб ішкі біріншілікте де, Чемпиондар лигасында да жейделеріне қазақстандық компанияның жарнамасын тағып шығатын болады.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: lavoixdugolf.net