Ресейдің Уфа футбол клубында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет Қайрат командасының қатарын толықтыруы мүмкін. KazFootball.kz сайты хабарлағандай, 18 жастағы ойыншы алматылық клуб сапына уақытша ауысып келуі мүмкін екен. Еркебұлан Сейдахмет үлкен футболдағы жолын 2017 жылы бастады. Қазақстан премьер-лигасында Тараз клубы сапында 15 ойынға қатысып, 1 гол және 1 нәтижелі пас берді. Ал осы жылдың ақпан айында ойыншы Ресейдің Уфа командасына ауысты. Ресей премьер-лигасында екі ойынға қатысып, соңғы бес турда жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ. Шабуылшы наурыз айында ұлттық құрамаға шақырту алып, Венгрияға қарсы кездесуде гол соқты. Құрама тарихында гол соққан ең жас ойыншы атанды. Қазақтың Мессиі деп танылған Еркебұлан Зенитке ауысқысы келетінін жайлы бір сұхбатында айтқан болатын. Тіпті бұл команданың жастар құрамымен өткен қыста оқу-жаттығу жиынына да барған. Италиядағы Viareggio Cup турнирінде өзін тамаша қырынан танытқан да еді. Алайда кәмілеттік жасқа толмағандықтан (ФИФА ережесіне байланысты) келісімшарт жүзеге аспай қалды.