"Қазақтың Мессиі" Болгарияның "Левски" командасында ойнайды
Ұлттық құрама шабуылшысы "Левски" командасы сапында Болгариядағы футбол маусымы аяқталғанша ойнайды. Одан кейін қазіргі командасы "Уфаға" оралуы мүмкін.
- "Уфа" футбол клубы Еркебұланға Болгарияда зор жетістікке жетуді тілейді. Тәжірибе жинап толысып, қазіргіден де мықты ойыншы болып оралуыңа тілектеспіз, - деп хабарлады ресейлік клуб.
"Қазақтың Мессиі" деп танылған Еркебұлан "Уфаға" бір жыл бұрын ауысқан болатын. Өткен маусымда Ресей премьер-лигасында екі ойынға ғана қатысты. Кейіннен жарақат алып, маусым алдындағы ойындар мен жаңа маусымдағы кездесулерге шықпады. Осы маусымда бір ойынға ғана шықса, тағы бір ойынын кубок жолында өткізді.
- Менде бәрі жақсы. "Левски" командасына келгеніме қуаныштымын. Болгариядағы ең танымал клуб. Талай атақты футболшылар ойнаған.
Алаңда форвардпын. Қаптал мен шабуылда да ойнай аламын. Жаттықтырушы қандай тапсырма берсе, барлығын орындауға тырысамын.
Клуб сапында жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуантқым келеді. Көбірек гол соғып, жеңісті күндер көп боларына сенемін. "Левскиде" қандай мақсат бар? Біздің бір ғана мақсатымыз - чемпион атану, - деді Еркебұлан командаға берген сұқбатында.
Айта кетейік, Еркебұлан Сейдахмет - Тараз футболының түлегі.