Қазақстанның бірінші ханымы мерейтойын тойлауда
Нұрсұлтан Назарбаевтың дербес парақшасынан Мемлекет басшысының өзінің болашақ жарымен кездесуі жайлы жазған қызықты оқиғасын оқуға болады.
"Сол жылдардың өмір бойы есте қалатын ең бір елеулі оқиғасы − болашақ келіншегім Сарамен алғашқы кездесуім. Ал бұл кездесу... бір апаттан кейін домна пешінің жанында болған еді. Әдетте апат болып, металл жерге төгіліп жатқанда түгел ауысым бар қалдықты жинап, теміржол қозғалысын қалпына келтіргенше ешкім ешқайда кетпейді. Бұл бір бұлжымас тәртіп еді. Күні бойы боласың ба, тәулік бойы боласың ба, өзің бүлдіргенді өзің ретке келтіруің тиіс. Осындай қолайсыз бір сәт еді − тәулік бойы дерлік табанымыздан тік тұрған кезіміз, тұла бойымыз қазанның түп күйесіндей қап-қара, тек көзіміз жылтырап, аппақ тісіміз ақсияды. Сол күні қосалқы электр станциясында кезекші болып, біздің пешіміздің түбінде не болып жатқанын көруге келген қызға кез бола кеттім. Көп ұзамай тойымыз болды. Өзім екпінділер мен белсенділер қатарында жүргендіктен коллективіміз оны комсомол-жастар үйлену тойы етіп өткізіп берді".
Бақытты жас отбасы тез жетіліп, өсіп-өніп келе жатты, шаңырақтарында үш қыз − Дариға, Динара және Әлия дүниеге келді.
Сара Алпысқызы Назарбаева 1992 жылғы ақпаннан − Халықаралық "Бөбек" балалар қайырымдылық қорының негізін салушы және президенті. Қор жүздеген және мыңдаған қайырымдылық шараларын өткізіп, жетім балалар мен мүгедектерге көмек, аналарға қолдау көрсетіп келеді.
1994 жылғы шілдеден бастап Назарбаева "SOS" − Қазақстанның балалар қалашықтары" қорының президенті. 1999 жылғы наурыздан бастап "Демография" қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы.
Қайырымдылық және қамқорлық саласындағы ерен еңбегі үшін Сара Назарбаева халықаралық ұйымдардың көптеген марапатына ие болды. Олардың арасында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы Халықаралық жүлдесі, Unity халықаралық жүлдесі, "Құрманжан Датқа" жүлдесі сияқты елеулі марапаттар бар. Ол Шыңғыс Айтматов атындағы "Өзін-өзі тану философиясына қосқан ұлы үлесі үшін" алтын медальінің иегері. Сара Алпысқызы Софи Лореннің қолынан Ресей Қызыл Крест қоғамы тағайындаған және өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көпжылдық қызметі үшін берілетін "Алтын жүрек" халықаралық жүлдесін алды.
Ол 2010 жылы өз өмірін SOS Kinderdorf балалар қалашығының балаларына арнаған әйелдерге берілетін SOS Kinderdorf International Халықаралық қорының марапаты − "Алтын жүзікке" ие болды.
2014 жылы Қазақстанда Сара Назарбаеваның бастамасымен жаңа әлеуметтік жоба жүзеге аса бастады. Жоба жетім балалардың мектептен кейін колледждер мен университетте тегін білім алуына негізделген. Бұл үшін олар мемлекеттік білім беру жинақтық жүйесін пайдалануы керек.
Мына сурет 2013 жылдың 22 наурызында түсірілген. Бұл кезде Елбасы мен Сара Назарбаева қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Ал мына сурет 2011 жылы түсірілді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаева Қазақстан президенті сайлауында дауыс берді.
Бес жыл бұрын елдің Бірінші ханымының туған күнінде Елбасы оның жақсы көретін әндерін қазақ және орыс тілдерінде орындап берген еді. Тілшілердің айтуынша, Сара Алпысқызына Нұрсұлтан Назарбаевтың, қыздары Дариға, Динара мен Әлияның, сонымен қатар немерелерінің орындауындағы әндер қатты ұнаған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Алматыда жүр.
Дереккөз: tengrinews