Қазақстандық теннисші WTA турнирінің жеңімпазы атанды
Жүлде қоры 250 мың доллардан асатын турнирдің финалында қазақстандық теннисші қытайлық Чжан Шуайды 7: 6 (9: 7), 6: 3 есебімен жеңді. Кездесу бір сағат 30 минутқа созылды.
20 жастағы Рыбакина әлемнің 30-ракеткасы саналады, ал 31 жастағы Шуай WTA рейтингінде 40-шы орынды иеленген. Бұған дейін теннисшілер бір-бірімен кездеспеген.
Айта кетейік, Хобарттағы турнирдің бірінші раундында Рыбакина Словениялық Тамара Зиданшекті 6:1, 6:4 есебімен жеңсе, екінші айналымда француз қызы Ализе Корнеден басым түсті - 7:5, 6:3. Ширек финалда Қазақстан өкілі австралиялық Лизетте Кабрерамен кездесіп, 6:7, 7:6, 7:5 есебімен жеңді. Жартылай финалда Ұлыбританиядан келген Хизер Уотсонды 6:3, 4:6, 6:4 есебімен ұтты.
Рыбакина үшін WTA турниріндегі жеңіс оның мансабындағы екінші жеңіс болды. Ол өзінің алғашқы титулына 2019 жылдың шілдесінде, BRD Бухарест теннисі бойынша ашық чемпионатта қол жеткізген.
WTA-ның жаңартылған рейтингінде Рыбакина өзінің мансабында тұңғыш рет әлемнің ТОП-30 теннисшілерінің қатарына енді.