Қазақстандық талантты биатлоншы Ресей құрамасына ауысып кетті
Спортшы бұл шешімін Instagram желісінде түсіндіре кеткен. Айтуынша, спорттық азаматтығын ауыстырудың басты себебі отбасылық жағдай болыпты. әкесі туған қаласы Павлодардан Түменге көшіп, енді сол жақта жаттықтырушылық қызмет атқарады екен.
- Бұл жағдайдың мән-жайын айту орынсыз болмайтын шығар. Менің басқа елдің атынан өнер көрсетуім ақшаға байланысты емес! Мұның себебін бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Әкемді осында жұмысқа шақырыпты. Бар болғаны сол ғана! Онда бәсекелестіктің жоғары болуы қайта жақсы, әрі қызығырақ болады. Ал Қазақстанды әрдайым жақсы көрдім, жақсы көре беремін де! Бұл ел жайлы ешқашан жаман сөйлеген емеспін", - деп жазды Арина Пантова.
2016 жылы Арина Пантова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында із қуа жүгіру сайысында алтын медаль иеленген еді. Ал жасөспірімдер Олимпиадасында спринттен үшінші орын алған болатын.
Спортшы Павлодарда туып-өскен. Шешесі Виктория - бапкер, қызының бірінші ұстазы болған. Әкесі Дмитрий Қазақстан құрамасында 1994, 1998, 2002 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан. Ағасы Антон 2007 жылдан бері Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп келеді және өткен маусымда Универсиада-2017 және Азиада-2017 жарыстарында күміс медаль иеленген. Антонның да ұлттық құрама ауыстырғаны жайлы ақпарат айтылған жоқ.