Қазақстандық таеквондошылар Рио жолдамасына таласады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ kaztkd.kz

Таеквондодан әлем чемпионаты екі жылда бір рет өткізілетін G12 дәрежесіндегі байрақты дода. Дәрежесі бойынша ол Олимпиададан кейін екінші орында. Челябі қаласында өтетін әлем чемпионатында Рио 2016 Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады.

Биылғы әлем чемпионатына 150 мемлекеттен 1000-нан астам таеквондошы қатыспақ. Олардың қатарында әлем және Олимпиада чемпиондары да бар. Оңтүстік Кореядан келген таеквондо (WTF) шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушы - кеңесшісі Ю Енг Джиннің айтуынша, отандастарымыздың кем дегенде 3 жүлде олжалап қайтуына мүмкіндіктері бар екен.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты алдындағы соңғы жаттығуларын пысықтап жатыр. Бүгін Астана маңындағы Мичурино елді мекенінде бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Бас жаттықтырушының пікірінше «Барыс» спорт кешені жоспарлы түрде арнайы таңдап алыныпты.

Мұстахим Қабдірашев, таеквондодан (WTF) Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы

- Бұл біздің Ресей оңтүстігінде орналасқан Челябі қаласында өтетін әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындықтарымыз. Ол қала елордамыздан 1 мың шақырым жерде орналасқан. Бұл аймақ бекер таңдап алынған жоқ. Өйткені Астана мен Челябінің климаты бір-біріне қатты ұқсайды. Сондықтан да біздің спортшылардың тез бейімделіп кетуіне барлық жағдай жасалып отыр. Көрші елде саңлақтарымыз еш қиналмайды деген сенімдеміз, - деді.

Айта кетейік, жыл басынан бері ұлттық құрама Бразилия секілді шет елдерде бірнеше рет шеберлігін шыңдап, арнайы дайындықтан өтті. Сондай-ақ тәжірибені арттыру мақсатында спортшыларымыз 10 шақты халықаралық жарыстарға қатысып, 19 жүлдеге қол жеткізді. Осындай көрсеткіштердің арқасында әлем чемпионатында өнер көрсететін 16 спортшы таңдап алынды.

Ерлер

Елдос Ысқақ (54 келі),

Нұрсұлтан Мамаев (58 келі),

Дархан Қасымқұлов (63 келі),

Арман Нүкештаев (68 келі),

Ержан Әбілқас (74 келі),

Мақсат Әбдірамбек (80 келі),

Смайыл Дүйсебай (87 келі),

Руслан Жапаров (+87 келі).

Әйелдер

Жазира Сапарбек (46 келі),

Анаргүл Сабыр (49 келі),

Фариза Алдоңғарова (53 келі),

Әсел Қойлыбай (57 келі),

Гүлім Бибалаева (62 келі),

Феруза Ергешова (67 келі),

Айгүл Елубай (73 келі),

Мереке Жүнісова (+73 келі).

 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама