Қазақстандық спортшы UFC ұйымымен келісімге қол қойды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Фото ©️ Tengrinews.kz

- Шавкат Рахмонов UFC-мен келісімшартқа қол қойып, ең үздік ММА ұйымымен келісімшартқа отырған тұңғыш қазақстандық спортшы атанды. Алғашқы жекпе-жек қараша айына жоспарланған. Шавкат UFC-дегі бірінші қазақстандық спортшы, бірақ соңғысы емес екеніне сенімдімін, - деп жазды менеджері өзінің Instagram парақшасында.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Sayat Abdrakhmanov (@sayatus)30 Июл 2019 в 11:13 PDT

Октагонда қарсыласына есе жіберіп көрмеген қазақстандық спортшыға бұған дейін де UFC-ден ұсыныс түскен болатын. Алайда ол кезде M-1 Global чемпиондық белбеуін жеңіп алуды мақсат еткен болатын.

Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақтағы M-1 Global чемпиондық белбеуін 30 наурыз күні ресейлік Данила Приказамен өткен жекпе-жекте жеңіп алды. Араға үш ай салып Нұр-Сұлтан қаласында өткен аралас жекпе-жек кешінде белбеуін бразилиялық Тьяго Ласердаға қарсы айқаста қорғап қалды.

Айта кетейік, осыған дейін UFC турнирлерінде қазақстандық бірде-бір спортшы бақ сынамаған. Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылардың арасынан бірінші болып әлемнің ең беделді ұйымымен келісімшартқа қол қойды.

Қазақстандық жанкүйерлер жақын уақытта UFC-ден отандасымыз Мария Агапованы (6-0) да көріп қалуы мүмкін. Оған бұл ұйыммен келісімшартқа қол қою үшін ұйым басшысы Дана Уайттың шоуында америкалық Трэйси Кортесті (5-1) жеңуі керек. Жеңгені ұйыммен келісімге қол қояды.

UFC (Ultimate Fighting Championship) –  аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама