Қазақстандық шахматшылар Азия чемпионатының барлық жүлдесін жеңіп алды

Айбар Рысдәулет Корреспондент

Турнирде әлемнің бұрынғы чемпионы Елена Анкудинова, Азияның төрт дүркін чемпионы Хелен Миллиган, сондай-ақ 2014 жылғы Азия чемпионы Айтқазы Баймурзин секілді танымал спортшылар бақ сынайды.

- Салтанатты ашылудан соң рапидтен партиялар басталды. Жылдам шахматтың жеті партиясынан соң тоғыз раунд бойы жіті бақылауды қажет ететін классикалық шахмат күтіп тұр, - деді жарыстың бас төрешісі Олег Ринас.

Рейтинг-көшбасшылардың тақтасында алғашқы қадамды Дене шынықтыру және спортты дамыту істері бойынша Комитеттің төрағасы Серік Сәпиев пен Алматы әкімінің кеңесшісі Валихан Тен, сондай-ақ Қазақстан шахмат федерациясының президенті Еркін Ысрайылов жасады.

- 10 қыркүйек күні классикалық шахматтан турнир басталды. Тоғыз тур бойы спортшылар классикалық шахматтан Азия чемпионы атағы үшін күреседі. Одан кейін шахматшылар блицтен партияда кездеседі. Жарыстар 50 жастан жоғары және 65 жастан жоғары санаттары бойынша өтіп жатыр, - деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко. 

Барлық санаттар бойынша сеньорлар арасында Азия чемпионатының жүлделі орындары қазақстандық спортшыларға бұйырды.

- Қазақстандық спортшылар жарысты сенімді түрде бастады. Дегенмен бұл рапид түрі ғана. Классикадан басты жарыстар әлі алда, - деді Ринас.

50 жастан жоғары санатта рейтинг көшбасшы Серікбай Темірбаев алтын қанжығаласа, екінші орынды Олег Головчук алды. Үздік үштікті Валерий Мин түйіндеді. 65 жастан жоғары санатта Төлеген Нукин топ жарса, Марат Пірімбетов күмісті иеленді. Ханиф Құсайынов қола жүлдегер атанды.

Елена Анкудинова болса 50 жастан жоғары санатта әйелдер арасында үздік нәтижені көрсетті. Екінші орынды Жаңа Зеландиядан келген Хелен Миллиган иеленді. 65 жастан жоғарылар арасында Надежда Искичекова қарсылас шақ келтірмеді.

Чемпионат 18 қыркүйекке дейін жалғасады және тур нәтижелері бойынша ерлер арасындағы Азия чемпиондары мен әйелдер арасындағы Азия чемпиондары анықталады.

Сеньорлар арасындағы Азия чемпионаты - жыл сайын Азия шахмат федерациясының аясында өтетін шахмат турнирі. Алғашқы турнир 2010 жылы Бейрутте, Ливан қаласында өтті. Осыған дейін ерлер арасындағы үш рет чемпион атағы Ираннан келген шахматшыларға бұйырған болатын. Ал континенттің үш дүркін чемпионы Филиппин өкілдері болды. Әйелдер секциясында жаңа зеландиялық Хеллен Миллиган 4 жыл қатарынан сеньорит арасында Азия чемпионы атағын алды. 2014 жылы алтынды қазақстандық Айтқазы Баймурзин қанжығасына байлаған.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама