Қазақстандық шахматшы қыздар командалық әлем чемпионатына аттанды
Әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты 18-29 сәуір аралығында өтеді. Еліміздің намысын Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Гүлісхан Нахбаев, Гүлмира Дәулетова және Мәдина Дәулетбаева қорғайды. Халықаралық додаға Қазақстан, Қытай, Украина, Польша, Грузия, Армения, Үндістан, Ресей, АҚШ, Египет елдерінің құрамалары қатысады.
Біріншілік барысында шахматшыларымыздың дайындығын екі бапкер - Павел Коцур мен Серікбай Темірбаев бақылап жүретін болса, халықаралық дәрежедегі Беларусь елінің гроссмейстері Алексей Александров кеңес беріп отырады.
Қазақстан құрамасы 2014 жылы өткен шахмат Олимпиадасында алтыншы орын алып, командалық әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Жалпы, қазақстандық шахматшы қыздар бұл додаға алғаш рет қатысып отырған жоқ. Бұған дейін біздің құрама 2013 жылғы әлем біріншілігінде бақтарын сынап, жалпы есепте 7-орынға тұрақтаған болатын. Құраманың бапкері Павел Коцурдың айтуына қарағанда, Қытайда біздің құраманың алдына үздік бестіктің қатарына қосылу деген мақсат қойылған. Егер, бұл тапсырма орындалса, ұлттық құрама тарихындағы ірі жетістік болмақ.
Командалық әлем чемпионаты 29 сәуірге дейін жалғасады. Барлық құрамалар бір-бірімен ойнап, ұпай көрсеткіші бойынша жеңімпаз құрама анықталатын болады.
Сурет: chesstown.kz