Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы қарсыластары анықталды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ uefa.com, sports.ru

2015/2016 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын «Астана» екінші іріктеу кезеңінде словениялық «Марибормен» кездеседі. Елордалық клубтың қарсыласы осал емес. Өткен маусымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынаған болатын. Лондондық «Челси» (1:1, 0:6), лиссабондық «Спортинг» (0:1, 1:1) және гельзенкирхендік «Шалькеден» (1:1, 1:3) ұпай еншілеген. Алғашқы кездесу Мариборда 14-15 шілде күні өтеді. Ал қарымта кездесу 21-22 шілде күні Астанада ойналады.

Владимир Газзаев жаттықтыратын «Ақтөбе» Еуропа лигасын бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Қазақстандық клубқа Эстонияның «Нымме Калью» клубы қарсылас атанды. Спорт мамандары отандастарымызды бұл ойындағы фаворит санауда. «Ақтөбе» екі ойын қорытындысы бойынша «Нымме Калью» клубын жарыс жолынан шығарар болса, екінші іріктеу кезеңінде «Ла Фиорита» (Сан-Марино) – «Вадуц» (Лихтенштейн) клубтарының жеңімпазымен кездеседі. Бірінші ойын 2 қарашада Қазақстанда өтсе, қарымта кездесу араға бір апта сала Эстонияда өтеді.

Алматының «Қайрат» клубы бірінші іріктеу кезеңінде Сербияның танымал «Црвена Звезда» клубына тап болды. Белградтық клуб осал қарсылас емес екені айдан анық. Тарихы да бай клубтардың бірі. Алматылық клуб «Црвена Звездамен» осыған дейін де кездескен. 2002 жылы УЕФА кубогы аясында «Қайрат» қарсыластарына қос ойын нәтижесі бойынша 5:0 есебімен есе жіберген болатын. Сол есесін биыл Владимир Вайсс жаттықтыратын клуб қайтарады деген сенімдеміз. Алматылық ұжым «Црвена Звездадан» қос ойын қорытындысы бойынша келесі кезеңге өтсе, "Алашкерт" (Армения) - "Сент-Джонстон" (Шотландия) клубтарының жеңімпазымен кездеседі.

Шымкенттік «Ордабасы» Еуропа лигасының бірінші кезеңінде Израильдың «Бейтар» клубымен кездесетін болды. Иерусалимдік клуб өткен маусымда ішкі біріншілігін төртінші орынмен қорытындылаған. Нәтижесінде Еуропа лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алған еді. Виктор Кумыков шәкірттері өз алаңында өтетін (2 шілде) бірінші ойында келесі кезеңге нықтап қадам жасаулары тиіс. Иерусалимде қазақстандық клубқа оңай соқпасы анық. Шымкенттік клуб «Бейтарды» жарыс жолынан шығарса, екінші іріктеу кезеңінде Бельгияның «Шарлеруа» клубымен кездеседі.

Қазіргі таңда елімізде трансфер (ойыншы алмасу) кезеңінің ашық екенін ескеретін болсақ, қазақстандық клубтардың қатарларын жаңа ойыншылармен толықтыруларына мол мүмкіндіктері бар. Одан өзге ел премьер-лигасының нағыз қызған шағы екенін ескеретін болсақ, отандық клубтар нағыз бабында деп айтуға негіз бар. Себебі, қазақстандық клубтарға қарсылас атанған кей ұжымдардың ішкі біріншілігі әлі басталған жоқ.

Қазақстандық клубтарға сәттілік тілейміз!

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама