Қазақстандық экипаж тағы да үштікке ілікті

Шерхан Талап Корреспондент

208-ші нөмірлі Hummer H3 автокөлігін тізгіндеген Сазонов пен Сахимов мәрені 4 сағат, 38 минут, 44 секундта кесіп өтті. Нәтижесінде кезең жеңімпазы Мишелем Турон Баррере бастаған француз экипажынан 6 минут, 34 секундқа артта қалды. Mobilex Racing Team командасының екінші экипажы Қанат Шагиров пен Александр Мороз бұл жолы 13-орынды місе тұтты. 206-ші нөмірлі Hummer H3 автокөлігінде сынға түсіп жатқан жерлестеріміздің көрсеткіші 5 сағат, 1 минутты құрап отыр.

390 шақырымнан тұратын бұл кезең басқа кезеңдермен салыстырғанда қиынырақ екенін қаперлеріңізге береміз. Жол ұзыннан тегіс болғандықтан жылдамдық қатты болады. Автошабандоздардың орташа жылдамдығы жолдың екінші бөлігінде 60-70 км/сағатқа дейін артты. Түгелге дерлік экипаж мүшелері тастан зақымданған дөңгелектерін алмастыруға мәжбүр болды. Тіпті кейбірінде бұл жағдай бір емес бірнеше мәрте орын алды. Алайда қазақстандық автошабандоздар бұндай қиындыққа кездесе қоймады.

Жалпы есепте төрт кезең бойынша француз экипажы Жан-Луи Шлессера мен Тьери Магнальди алда келеді. Шагиров пен Мороз жұбы бесінші орынға сырғыды. Олар француздардан 1 сағат, 7 минут, 16 секундқа артта тұр. Ал Арслан Сахимов пен Юрий Сазанов болса 12 орынға тұрақтап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, үшінші этапта Қанат Шагиров пен Александр Мороз экипажы үшінші болып мәре сызығын кескен еді. Екінші Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов экипажы 7-ші орыннан көрінген болатын.

31 желтоқсан күні басталған «Africa Eco Race-2014» ралли-рейді 11 кезеңнен тұрады. Жарысқа қатысушы экипаждар жалпы ұзақтығы 2992 шақырымды құрайтын жол арқылы  Африканың Марокко, Мавритания және Сенегал елдерін басып өтеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама