Қазақстандық боксшы қыздар халықаралық турнирден олжалы оралды
Румадағы жарысқа Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығына (AIBA) мүше 34 елдің өкілдері қатысты. Соның ішінде 256 спортшы бойжеткен, 63 боксшы жастар және 162 қыз ересектер арасында өткен жекпе-жектерде бақ сынады. Қазақстан боксшылары биылғы турнирге мамыр айында Астана қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындық есебінде қатысты.
«Ұлттар кубогы» жарысында еліміздің намысын 17 спортшы қорғады. Ересектер арасындағы жарыста Юлдуз Маматкулова алтын жүлдені жеңіп алса, күміс медалді Мәдина Нұршаева (64 кг) иеленді. 51 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Назым Қызайбай қола жүлдені қанағат тұтты.
Жастар арасында өткен сында Айдана Түзенова (69 кг) күміс медалді, Лейла Құсайынова (69 кг) қола жүлде иеленді. Бойжеткендер арасында Пәкизат Серікбай (46 кг) күміс медальмен шектелсе, Жәмила Болат (63 кг) қола жүлдені иеленіп қайтты.
Жарыстың қорытындысында жеті медаль алған отандастарымыз жалпыкомандалық есепте бесінші орынды иеленді. Бірінші орынды Ресей құрамасы жеңіп алды. Олар 14 алтын медальге ие болды. Екінші орынға төрт алтын жүлдесі бар Үндістан орналасса, үштікті екі алтын медаль жеңіп алған Қытай құрамасы түйіндеді.