Қазақстандық бес боксшы да Болгариядағы турнирдің финалына шықты
Жеңіл салмақта (49 кг) жұдырықтасатын Теміртас Жүсіпов жартылай финалда Аргентинадан келген Леандро Хосе Бланкты жеңді. Финалда үндістандық боксшы Амитпен қолғап түйістіреді.
60 кг салмақта Закир Сафиуллин қарсыластарын айқын ұтып келеді. Ол жартылай финалда өзбек боксшысы Шункор Абдурасуловпен жұдырықтасып, төрешілер шешімі бойынша 4:1 есебімен жеңіске жетті. Жарыстың алтын медалі үшін ресейлік Артур Субханкуловпен жұдырықтасады.
Санатәлі Төлтаев 64 кг салмақта ел намысын қорғауда. Жартылай финалда ол бразилиялық боксшы Вандерсон Оливейраға мықтылығын мойындатты. Финалда Санатәлі де ресейлік боксшымен кездеседі. Қарсыласы - Алексей Мазур.
"Қазақтың салмағында" (69 кг) Абылайхан Жүсіпов сәтті жұдырықтасып келеді. Жартылай финалда отандасымыз украиналық боксшы Евгений Барабановты айқын ұтып шықты. Финалда Абылайхан өзбек Бобо Усман Ботуровпен жұдырықтасады.
Қазақстандық жанкүйерлер 91 кг-ға дейінгі салмақта Василий Левитке сенім артады. Ол жартылай финалда бразилиялық Абнер Жуниорды жеңді. Финалда ресейлік Садам Магомедовпен кездеседі.
Жалпы финалға шыққан боксшылар саны бойынша ерлер арасында Қазақстан құрамасы алда тұр. Ресей мен Өзбекстаннан 4 боксшы финалда жұдырықтасады. Болгария мен АҚШ-тан екі-екі боксшы финалға шыққан. Түркия, Украина мен Үндістаннан бір-бір боксшы турнирдің алтын жүлдесіне таласады.
Финалдық жекпе-жектер бүгін Астана уақытымен 18:00-де басталады.
Айта кетейік, Болгариядағы турнирге Қазақстаннан 10 боксшы аттанған болатын. Анвар Музаппаров (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Ерік Әлжанов (75 кг) пен Бек Нұрмағанбет (81 кг) жарысты ерте аяқтады. Ал команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалда сүрінді.