Қазақстандық ауыр атлет Лозаннадағы Спорттық істер сотына шағым түсірді
Бейжіңдегі Олимпиада-2008 ойындарында Грабовецкая қола медаль жеңіп алған. Биыл қайта тексеру барысында допинг сынамалары расталып, жақын арада оның қола медалін қайтарып алуы мүмкін.
Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) және Халықаралық антидопинг агенттігінің (WADA) шешімімен келіспеген Грабовецкая CAS сотына жүгінген.
Егер украиналық Ольга Коробка мен Грабовецкаяларды күміс және қола медальдарынан айыратын болса, Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында төртінші орын алған самоалық ауыратлет Эле Опелоге күміс жүлдеге ие болады. RNZ сайтына берген сұхбатында Опелоге әзірше медаль алмайтынын айтқан, себебі Коробко мен Грабовецкаялар CAS сотына арыз берген.
"Бірнеше жыл бойы күту, әрине, өкінішті, алайда енді мен небәрі бір-екі ай күтемін, бірақ созылып та кетуі мүмкін", - деді Опелоге.
Самоа елінің ауыр атлетика федерациясы RNZ сайтының арыз туралы мәліметін растап берді. Ұйым Халықаралық ауыр атлетика федерациясынан (IWF) хат алған, онда Коробко мен Грабовецкаядан алынған "В" сынамасы оң нәтиже берген деп жазылған.
Еске салайық, осыған дейін Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза Олимпиада медальдарын кері қайтаратын болған еді. Сондай-ақ, кеше балуан Теймураз Тигиевтің допинг қолдануына байланысты Бейжің Олимпиадасындағы күміс жүлдесінен айырған еді.
Алдағы уақытта ХОК қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Алмас Өтешов, Владимир Седов, Мария Грабовецкая мен Ирина Некрасоваға қатысты шешімін шығаратын болады.