Қазақстандық 8 боксшы қыз әлем чемпионатының ширек финалына шықты
Қазақстандық жасөспірім боксшы қыздар арасынан Надежда Рябец пен Маржан Есекен жарысты ерте аяқтады. Надежда америкалық Читлали Ортизге жеңілсе, Маржан поляк боксшы қызы Патриция Борысқа жол берді.
Жазира Орақбаева (48 кг), Жансая Әбдіраимова (51 кг), Лаура Есенкелді (54) кг, Сандуғаш Әбілхан (57) және Жансая Балтабекова (60) іріктеу кезеңдерінде бірнеше жекпе-жектен өткізіп, қарсыластарын айқын жеңіп шықты. Әсіресе, Жансаяның жекпе-жегі жанкүйерлер көңілінен шықты. Ол аустралиялық қарсыласы Индианна Хейблоны екінші раундта нокдаунға түсірді.
Салтанат Естаева (75 кг), Арайлым Бекділдә (81 кг) мен Дина Исламбековаға (+81 кг) жеребе жолдас болды. Олар алғашқы жекпе-жектерін ширек финалдан бастап өткізеді. Әлем чемпионатының финалдық кездесулері 26 қарашада өтеді.
Айта кетейік, Гувахатидегі әлем чемпионатына әлемнің 38 елінің 186 қызы қатысуда. Ширек финалға Үндістан мен Ресейден 9 боксшыдан шықты. Ал АҚШ-тың - 6, Польшаның 4 боксшы қызы жарыс жолында. Қытай, Германия, Түркия және Украинадан 4 боксшы қыздан ширек финалға жолдама алды. Ирландия мен Италия елдерінен 3 боксшыдан жарысты жалғастыратын болады.