Қазақстанда Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясы ашылады
Жоба Мəдениет жəне спорт министрлігі, Алматы қаласының Мəдениетжəне спорт басқармасы мен спортшының анасы Оксана Тенмен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Global Figure Skating академиясы - кезінде Денис Теннің еліміздегі мəнерлеп сырғанау спортының деңгейін зерттей келе, жеке тəжірибесіне сүйене отырып, дайындалған жоба болатын. Академия Алматы қаласындағы мұз сарайының бірінің жанынан ашылады.
Денис Тен атындағы Global Figure Skating мəнерлеп сырғанау академиясы Қазақстанда мəнерлеп сырғанау спортын дамытуға бағытталған бірыңғай орталық болады. Академия балалар арасында аталған спорт түрін бұқаралық деңгейге жеткізуге бағытталады. Қазір Оксана Тен Global Figure Skating академиясында балаларды баулу үшін Денисті жаттықтырған Татьяна Тарасова, Фрэнк Кэролл сынды даңқты бапкерлермен келіссөз жүргізіп жатыр.
Мəдениет жəне спорт министрлігі аталған академияның ашылуы елімізде мəнерлер сырғанау спортының дамуына серпін береді деп жоспарлап отыр. Ал Алматы қаласында мемлекеттік жəне жеке секцияларда 5 000-нан астам бала мəнерлеп сырғанаумен тұрақты шұғылданады. Академия ашылған соң, балалар бір орталықта дайындалады. Жуық арада жоба концепциясы мен қаржы көзі туралы ақпарат белгілі болады.
Алдағы уақытта осындай академияны Нұр-Сұлтан қаласынан ашу жоспарда бар.