Қысқы Олимпиада ойындарына шана спортынан ерлер арасында тұңғыш рет қазақстандық спортшы қатысады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетінің ресми сайты хабарлады. Шана спортынан тарихи жолдаманы Никита Копыренко иеленді. 19 жастағы алматылық спортшы бұл спорт түрінен өзге велоспортпен де шұғылданады. Пхенчхан Олимпиадасының жолдамасы жайлы Никитаның өзі де таңданысын жасырмады. - Күтпеген жерден, бүгін қуанышты хабар жетті. Пхенчханда өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иелендім. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын, - деп жазды спортшы. Айта кетейік, Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында өтеді. Шана спортынан Оңтүстік Кореяда 12 медаль сарапқа салынады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 34 жолдама бар. Ұлттық құраманың толық тізімі жақын күндері белгілі болады.