Қазақстан самбодан өткен әлем чемпионатында екі алтын олжалады
Сонымен еліміздің құрамасы атынан Арман Оспанов (68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде) пен Павел Лысенко (100 келіге дейінгі салмақта) қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынып отыр. Финалдық белдесулерде Оспанов жарыс қожайыны Руслан Гасанхановтан басым түссе, ал Лысенко беларусь Станислав Колбасовтан айласын асырды. Айта кетейік, жерлесімізді жеңісімен Ресей президенті Владимир Путиннің өзі келіп құттықтады.
Одан бөлек құрама қоржынына бір күміс (Руслан Аушев) және бес қола медаль (Қазбек Супуғалиев, Ділдаш Күрішбаев, Асет Әлдешов, Сергей Афанассенко және Алмаз Сүлейменов) түсті.
Ал жалпыкомандалық есепте Ресей спортшылары топ жарды (15 алтын, 4 күміс және 8 қола). Екінші орын украиналық спортшыларға бұйырды (оларда жалпы саны 13 медаль бар).
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: topwar.ru