Қазақстан Рио Олимпиадасының төртінші жолдамасын иеленді
50 метрден нысана көздеуде Елизавета Король үш мүмкіндікте 389 ұпай жинаған. Нәтижесінде үздік он спортшының қатарына еніп, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамасына ие болды. Бұл жарыста 453,8 ұпаймен қытайлық Джинг Чанг чемпион атанса, күмісті хорват спортшысы Снеажана Пежич (450,6 ұпай) иеленді. Қола Ұлыбритания елінің спортшысы Барбара Энгледерге бұйырды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына үш жолдама жеңіп алған болатын. Бокстан Берік Әбдірахманов (APB жобасы) пен Василий Левит (WSB жобасы) маңызды жолдаманы иеленсе, үш қарғып секіруден «Гауһар лига» жарысынан кейін Ольга Рыпакова Олимпиадаға баруға мүмкіндік алған-ды.