Қазақстан Паралимпиадада 58-орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ rio2016.com

Риода өткен Паралимпиада ойындарында 22 спорт түрінен 528 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Қытай елінен барған паралимпиадашылар алдына жан салған жоқ. Олар 107 алтын, 81 күміс, 51 қола медаль жеңіп алды. 64 алтын, 39 күміс, 44 қола алған Ұлыбритания құрамасы екінші орын алса, үштікті 41 алтын, 37 күміс, 39 қола медальмен Украина паралимпиадашылары түйіндеді.

Паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы сапында 11 спортшы аттанған болатын. 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Зүлфия Ғабидуллина алтын медаль алып, ел тарихындағы алғашқы жүлдені қоржынға салды. Ал пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келіге дейінгі салмақта Раушан Қойшыбаева күміс жүлдегер атанды. Қос медаль қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте Словениямен 58-орынды тең бөлісті.

Айта кетейік, Риодағы Паралимпиадаға Ресей құрамасы қатыстырылмаған болатын. Ал Өзбекстан құрамасы 32 спортшымен барып, 31 медаль (16-орын) иеленіп қайтты.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама