Қазақстан Паралимпиада тарихындағы алғашқы алтын медалін алды
Қазақстандық спортшы бір аяғы не бір қолы сал болған спортшылар қатысатын S3 санатында бақ сынап, жеңіске жетті. 100 метрді еркін әдіспен 1 минут 30,07 секундта жүзіп өтіп, әлем және Паралимпиада рекордын жаңартты.
Зүлфия Ғабидуллина алты жасында жол апатына ұшырап, бір аяғы сал болып қалған. Жүзгіш 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында алтын алған. Алты дүркін әлем чемпионы атағына ие. Әлемдегі ең мықты жүзгіштердің сегіздігіне кіреді.
Бұл - Қазақстанның жазғы паралимпиададағы алғашқы медалі. Осыған дейін Қазақстан бұл жарыста медаль алмаған еді. Қазір отандастарымыз жалпыкомандалық есепте 16-орында келеді. Жарыс 17 қыркүйек күні мәресіне жетеді.
Айта кетейік, Паралимпиада ойындары (параолимпиада ойындары) — мүгедектер (есту бойынша мүгедектерден басқа) үшін арналған халықаралық спорттық жарыс. Дәстүр бойынша басты Олимпиада ойындарынан кейін өткізіледі. 1992 жылдан бастап Олимпиада ойындары өткізілген қалада паралимпиада ойындары да өткізіледі, ал 2001 жылы бұл тәжірибе ХОК және Халықаралық паралимпиада комитеті (ХПК) арасындағы келісім шартпен бекітілген. Жазғы Паралимпиада ойындары 1960 жылдан, ал қысқы Паралимпиада ойындары — 1976 жылдан бастап өткізіледі.