Қазақстан олигархиялық жүйеден бас тартуы керек - Тоқаев
Президент "Жаңа Қазақстан" және "Екінші Республика" ұғымдары туралы сұраққа жауап берді.
"Қазақстан экономикада, саясатта "олигополиядан", олигархиялық жүйеден толық бас тартуы керек.
Елде әлеуметтік әділеттілік болуы тиіс. Әрине, бұл бір күн не бір жылда орындала салатын жұмыс емес екенін түсінемін. Бірақ, біз бұған ұмтылуымыз керек, өйткені адамдар әділдікті қалайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев "Россия 24" телеарнасында журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында.
Президент Қазақстан азаматтары үшін осы әділеттілікті қамтамасыз ету оның міндеті екенін атап өтті.
"Ешкім әлеуметтік иерархияда төменгі орында тұрмауы тиіс. Адамдардың барлығы тең болуы керек. Қалай болғанда да, "әлеуметтік лифт" жұмыс істеуі қажет. Біз мемлекеттік, ұлттық компаниялардағы белгілі бір лауазымдарға, депутаттар сайлауына өте қабілетті, отансүйгіш адамдарды таңдауға тиіспіз. Әрине, мен мемлекет басшысы ретінде парламенттік сайлаудың нәтижесіне тікелей әсер ете алмаймын", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси ахуал қалыптастыру қажет екенін айтты.
"Қабілетті адамдар қазақстандық қоғамда өз орнын тауып, болашаққа оптимистік көзқараспен қараса, ал, енді өмірге келген, жастық шаққа қадам басқандар бұл елде оларда бәрі бар деп ойласа деймін", - деп қосты Тоқаев.