Қазақстан құрамасының қысқы Универсиададағы қарқыны жоғары
Әйелдер арасында 66,00 ұпай жинаған Юлия Галышева алтыннан алқа тақты. Сочи Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғаған спортшы бұл жарыста фавориттердің қатарында болатын. Күміс ресейлік Марика Пертахияға (59,90 ұпай) бұйырса, қоланы оңтүстік кореялық Со Чжи Вон (51,86 ұпай) жеңіп алды.
Могулден ерлер арасында бақ сынаған спортшыларымыз бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті. Павел Колмаков 72,45 ұпаймен алтын медальды иеленсе, 68,73 ұпаймен Дмитрий Рейхард күміс жүлдегер атанды. Қола ресейлік Сергей Шимбуевке бұйырды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға нықтап орналасып келеді. 5 алтын, 5 күміс жүлде иеленген отандастарымыздан кейінгі орынға 2 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алған Польша құрамасы орналасқан. Ал 14 алтын, 13 күміс, 14 қола еншілеп үлгерген Ресей құрамасы көштен қара үзіп кеткен.
Естеріңізде болса, Қазақстан құрамасы 2013 жылы Италияның Трентино қаласында өткен ХХVІ қысқы Универсиадада 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 15-ші орынға тұрақтаған-ды.
Айта кетейік, ХХVII қысқы Универсиада ойындары 26 қаңтар күні Словакияда басталған еді. 1 ақпаннан бастап Гранадада (Испания) жалғасқан жарыс 14 ақпан күні мәресіне жетеді.
Сурет: granada2015.org
Оқи отырыңыз
Қазақстан құрамасы қысқы Универсиадада көш бастады
Қысқы спорт түрлері арықтауға көмектеседі
2015 жылы қысқы спорт түрлерінен өтетін ірі додалар
ХОК бағалау комиссиясы Алматыға ақпан айында келеді