Қазақстан құрамасы «Төрттік финалына» жолдама алды
Александр Гутор жаттықтыратын әуедопшы арулар Брно қаласында өткен ойындарда Мексика мен Алжир құрамаларынан басым түсіп, соңғы кездесуінде алаң иелеріне есе жіберіп алды. Қорытындысында Қазақстан құрамасы 9 ұпай жинап, Болгария жерінде өтетін финалдық кезеңге бару мүмкіндігіне ие болды.
«С» дивизионында үздік нәтижеге Чехия құрамасы қол жеткізді. Олар алты кездесудің барлығында қарсыластарына басымдығын танытты. Екінші орынға 16 ұпаймен Болгария жайғасса,үштікті 12 ұпаймен Хорватия қорытындылады. Ал Кениямен ұпайы тең болған жерлестеріміз қосымша нәтижелердің арқасында жолдаманы иеленді. «Төрттік финалына» өткен құрамалар 15-17 тамыз күндері финалдық кезеңде жолығып, бұл турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайтын болады.
Қазақстан әйелдер құрамасы «Гран-при» бәсекесіне 2007 жылдан бері қатысып келеді. Десе де осыған дейінгі нәтижелері аса көңіл көншітерлік емес. Өткен жылы да Александр Гутор баптайтын құраманың жолы бола қоймады. Нәтижесінде «В» дивизионында өнер көрсетіп келген Қазақстан құрамасы «С» дивизионына сырғыған-ды. Егер Болгария жерінде қарсыластарынан оза шығып жатса, «В» дивизионына қайта оралатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, бір апта бұрын әлемдік «Гран-Придің» бірінші кезеңі Алматыда өткен болатын. Жерлестеріміз Аустралияны жеңіп, Чехия мен Хорватия әуедопшы аруларынан айлаларын асыра алмаған-ды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: volley.kz