Қазақстан құрамасы Сан-Мариноны ірі есеппен ұтты
Кездесуді ширақ бастаған қазақстандықтар 6-минутта есеп ашты. Ян Вороговскийдің пасынан кейін Бахтиер Зайнутдинов баспен соққы жасап, қақпашыны қапы қалдырды.
23-минутта қорғаушы Гафуржан Сүйімбаев есепті еселеді.
Артынша 27-минутта Бауыржан Исламханның пасын алған Алексей Щеткин есепті 3:0-ге жеткізді.
Ойынның екінші таймында Сан-Марино құрамасы квалификациядағы тұңғыш голын соқты. Қақпашы Дмитрий Непогодов пен қорғаушылардың қатесін пайдаланып кеткен Марко Бернарди бос қақпаға доп тоғытты. Есеп – 1:3. Сан-Марино осыған дейін өткізген 8 ойында бір де бір гол соқпаған және 43 гол өткізген.
Қазақстан іріктеудегі соңғы ойынын топта 12 ұпаймен келе жатқан Шотландия құрамасымен 19 қарашада өткізеді.