Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде тағы төмен сырғыды
Қазан айындағы рейтингте отандастарымыз 132-ші орында болатын. Одан кейін 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Түркиямен өткен кездесудегі жеңіліс, Қазақстан құрамасын рейтингте құлдыратты.
Көш басында келе жатқан алғашқы ондықтағы ұлттық құрамалардың нәтижелерінде көп өзгерістер орын алған жоқ. Германия ұлттық құрамасы тізгінді өз қолында ұстап қалса, Лионель Месси бастаған Аргентина құрамасы екінші орыннан жылжымады. Үштікті Колумбия құрамасы қорытындылап тұр. Португалия құрамасы 2 саты алға жылжып, 7-ші орынға жайғасса, Уругвай 2 саты төмендеген. Ал Бразилия құрамасы бір орын алға озған.
Жаңа рейтингтегі ең төменгі нәтижені Ирак ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 23 саты төмендеп, 104-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Фарер аралдары құрамасы еншіледі. Олар бірден 82 саты жоғарылап, 105-ші орынға табан тіреген. Дәл бұлай жоғарғы жетістікке жетуінің себебі де жоқ емес. Жақында өткен Еуропа чемпионатына ірктеу ойындары аясында фарерліктер Грекияны өз алаңында жеңіп қайтқан болатын. Сонымен қатар Ямайка, Куба және Англия ұлттық құрамаларының жағдайы да жоғары көрсеткішке көтеріліп отыр.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы келесі кездесуін өз алаңында 2015 жылдың 28-ші наурызында Исландияға қарсы өткізеді. Юрий Красножан жаттықтыратын жерлестеріміздің топтық кезеңдегі қарсыластар көрсеткіші төмендегідей:
5. (5) Нидерланды
17. (22) Чехия
33. (28) Исландия
48. (46) Түркия
97. (99) Латвия
Жақша ішіндегі өткен айдағы рейтинг көрсеткіштері
Сурет: marca.com