Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде бір саты жоғарылады
Жаңарған ФИФА рейтингінде Бельгия құрамасы екінші орынға көтерілд. Осыған дейін бұл орынды иеленіп келген Аргентина бір саты төмен сырғыды. Швейцария алғашқы ондықтан шығып қалса, керісінше Франция ондыққа енді. Ал бірінші орында әлем чемпионы – Германия құрамасы келеді.
Ең төменгі нәтижені Мальдив аралдары құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден отыз сегіз саты төмендеп, 178-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Мадагаскар құрамасы еншіледі. Олар отыз жеті саты жоғарылап, 113-ші орынға табан тіреген. Сонымен қатар Палестина, Мяньма және Свазиленд ұлттық құрамаларының жағдайы да жоғары көрсеткішке көтеріліп отыр.
Юрий Красножан жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы өткен айда бір ойын өткізді. Алматының орталық стадионында өткен ойында отандастарымыз Буркина-Фасо құрамасымен тең тарқасқан-ды. Бұл айда ұлттық құраманы екі бірдей кездесу күтіп отыр. Алдымен 12 маусымда Түркиямен (Евро – 2016 іріктеу) кездессе, араға төрт күн сала Кабо-Верде құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Түріктер жаңарған ФИФА рейтингінде 5 саты төмендеп, 57-ші орынға тұрақтапты. Ал «қара құрлықтың» құрамасы 38-ші орында тұр.
Ал Қазақстан құрамасының 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеуінің топтық кезеңіндегі қарсыластар көрсеткіші төмендегідей:
6. (6) Нидерланды
16. (18) Чехия
37. (38) Исландия
57. (52) Түркия
82. (85) Латвия
Алғашқы ондыққа енген ұлттық құрамалар тізімі:
1 (1). Германия — 1775 ұпай,
2 (3). Бельгия - 1509,
3 (2). Аргентина - 1496,
4 (4). Колумбия - 1435,
5 (5). Бразилия - 1392,
6 (6). Нидерланды - 1378,
7 (7). Португалия - 1229,
8 (8). Уругвай - 1183,
9 (11). Франция - 1164,
10 (10). Испания - 1147,
Жақша ішіндегі сан құрамалардың наурыз айындағы рейтингі