Қазақстан құрамасы Буркина-Фасомен тең тарқасты (видео)
Қазақ футболшылары мен жанкүйерлеріне «қара құрлықтың» құрамасымен ойнау – таңсық болғаны рас. Бұрын-соңды бір-бірімен ойын өткізіп көрмеген құрамалар үшін ойында бірден басымдыққа иек арту мүмкін емесі тағы бар. Десе де бүгін өткен ойыннан жанкүйерлер жеңіс күткені анық еді. Оның үстіне қонақ құрама қосалқы құраммен келгенде неге жеңбеске деп желпінгеніміз бар? Бірақ гол соғылмады. Екі құрама да өз қателіктерін кешіріп ойнады.
Бірінші таймда Юрий Красножан шәкірттері өз алаңында ойнап жатқанын байқатқанмен, қарсыластар да қалысып қалған жоқ. Бірінші болып Буркина-Фасо құрамасының ойыншылары соққы бағыттап көрді. Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері ұстанған жүйе тәуір-ақ көрінген. Десе де алдыңғы шептегі Азат Нұрғалиев, Танат Нөсербаев пен Ұлан Қонысбаевтардың шабуылдағы ширақ қимылы байқалмады. Бар болғаны екі рет қана қарсыласты қыспаққа алды. Ұланның көтерген пасына Азаттың бойы жетіңкіремей қалса, екінші мүмкіндікті Ұланның өзі тудырып, өзі пайдалана алмай қалды.
Екінші таймда Қазақстан құрамасы гол соғады деп күтілген еді. Тағы да жанкүйерлер үміті ақталмады. 54 минутта Абзал Бейсебеков қарсылас қақпасына баспен доп бағыттап қауіп төндіргенмен, нәтиже шықпады. Қарсылас құрама қақпашысы Байлу өз командасын голдан құтқарып қалды. 60 минутта Бауыржан Исламханның алаңға шығуымен қазақ футболшыларының шабуылы ширай түскенмен, шешуші соққы жауапсыз қалумен болды. Ұлттық құрамадағы алғашқы ойынына шыққан Санат Жұмаханов пен Тимур Досмағамбетов та жеңіс голын соғып жанкүйерлерін қуанта алмады. Тек ұтқанымыз – бұрыштама соққысы ғана. Бірақ оның өзінен гол соғу мүмкін болмады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан құрамасының кәсіпқой ойыншылары Буркина-Фасоның әуесқой құрамын жеңе алмады. Бәлкім, қосалқы құрам болған соң Қазақстан құрамасы бар қауқарын танытпаған болар...
Қазақстан — Буркина-Фасо 0:0
Ескерту:Силла 28
Қазақстан: Покатилов, Малый, Нұрғалиев (Исламхан 70), Гурман, Бейсебеков (Жұмаханов 90), Нөсербаев (Хижниченко 88), Шомко, Абдулин, Жуков (Щеткин 89), Смақов, Қонысбаев (Досмағамбетов 83)
Буркина-Фасо: Байлу, Уттара, Симпоре, Каборе (Мофоссо 89), Бео, Савадого (Сану 70), Компаоре, Паро, Дивара, Жимбо (Сану 65), Силла (Траоре 90)
Бас төреші: Равшан Ирматов (Өзбекстан)
12 мамыр. Алматы. Орталық стадион.