Индонезия елінің астанасы Джакартада XVIII жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті. Сары құрлықтың басты додасында бақ сынайтын Қазақстан құрамасы да спортшылар шеруіне қатысты. Еліміздің көк туын боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шықты. Ол Азия ойындарына алғаш рет қатыспақ. Ашылу салтанатына Қазақстан құрамасы сапында таеквондошылар, баскетболдан қыздар командасы, суда жүзушілер мен боксшылар қатысты. Өзге спортшылар жарыс кестесіне байланысты шеруге қатыса алған жоқ. Қазақстаннан Азия ойындарына жалпы есебі 440 спортшы аттанды. Оның ішінде 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. Айта кетейік, Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өтетін жарыс 2 қыркүйекке дейін созылады. Қазақстан өз тарихында Азия ойындарына жетінші рет қатысқалы жатыр. 2014 жылыОңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен XVII жазғы Азия ойындарында 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медаль еншілеп, ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте 4-орыннан көрінген болатын.