Қазақстан клубтарының еврокубоктардағы алғашқы қарсыластары анықталды
Жеребе тарту нәтижесі бойынша Чемпиондар Лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастайтын "Астана" клубы литвалық "Жальгириске" қарсы ойнайды. Бұл жұптың алғашқы кездесуі 12/13 шілдеге, ал қарымта кездесуі 19/20 шілдеге жоспарланған. Доданы елордалықтар қонақтағы ойынмен бастайды.
Ал Еуропа Лигасына бірінші іріктеу кезеңінен бастап қатысатын алматылық "Қайрат" албаниялық "Теута" клубымен кездеспек. Бұл жұптың арасындағы алғашқы ойын 30 маусым күні Дуррес қаласында өтсе, Алматыда болатын қарымта матч 7 шілдеге жоспарланған.
Дәл осы додаға қатысатын "Ордабасы" мен "Ақтөбенің" де қарсыластары белгілі болды. Шымкенттіктер сербиялық "Чукарички" клубымен күш сынасса, ақтөбеліктер Мажарстанның "МТК Будапешт" командасымен кездеспек. Бұл ойындар да 30 маусым мен 7 шілдеге жоспарланған. Тек "Ақтөбе" алғашқы ойынын өз алаңында өткізеді.