Қазақстан киберфутболдан Еуропа чемпионатының іріктеуіне қатысады
Қазақстан Футбол федерациясы мен Киберспорт федерациясы елімізде іріктеу турнирін жүргізді. Әр елден 2-4 ойыншы қатысады. Қазақстан намысын Қаныш Әбікенов пен Кабир Добай қорғайды.
2020 жылғы Еуропа Чемпионатының жеребесі бойынша 55 команда бірнеше топқа бөлінді. Әр топта 5-6 қатысушы бар. Қазақстан құрамасы С тобында Швейцария, Молдова, Босния және Герцеговина, Македония құрамаларымен ойнайды.
Турнир наурыз айында басталады. Ойындар үш ай ішінде онлайн-режимде өтеді. Іріктеуден өткендердің тізімі мамыр айында белгілі болады.
Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет танымал футбол симуляторы "Pro Evolution Soccer 2020" ойынына ресми түрде енген болатын. Осы күнге дейін біздің команда PES ойынында да, оның басты бәсекелесі FIFA-да да болған емес.
Қазақстан құрамасы "Pro Evolution Soccer 2020" ойынында Adidas компаниясы ұсынған көк жолағы бар сары жейдеде ойнайтын болады. Ойында ұлттық құраманы 5-ші нөмірлі Исламбек Қуат алаңға бастап шығады. Қазақстан құрамасына екі жұлдыз табысталған. Салыстырмалы түрде, ЕУРО-2020 іріктеу кезеңіндегі қарсыласымыз Ресей құрамасына төрт жұлдыз берілген. Қазақстан құрамасының жалпы көрсеткіші – 66. Оның ішінде, шабуыл шебі 68, жартылай қорғаныс 66 және қорғаныс шебі 63-ке тең.