Қазақстан жастары «Гранаткин турнирінің» жартылай финалына шықты
Қазақстан жастар құрамасы өз тарихында алғаш рет «Гранаткин мемориалы» турнирінде жартылай финалға шығып отыр. Осыған дейін жас қазақ футболшыларының бұл турнирде асығы алшысынан түспей келген еді.
Александр Кузнецов жаттықтыратын Қазақстан жастары сәтті өнер көрсетіп келеді. Топта бірінші орын алып, ширек финалда Словения жастарынан басым түсті. Екінші минутта Жанәлі Пайруздың голы отандастарымызды алға шығарды. 61 минутта алаңға команда капитаны болып шыққан Айдоз Орал пенальтиді сәтті орындап, есепті еселеді. Нәтижесінде осы есеп сақталып, Қазақстан жастар құрамасы жартылай финалға өтті.
Жартылай финалда Қазақстан жастары Грекия жастар құрамасымен кездеседі. Гректер кеше өткен ширек финалда Латвия футболшыларын ойын соңындағы пенальти сериясында ұтқан болатын. Қазақстан мен Грекия ойыны 18 қаңтарға жоспарланған. Астана уақытымен кешкі сағат 19:30-да басталады.
Айта кетейік, «Гранаткин турнирі» ФИФА-ның бірінші вице-президенті Валентин Гранаткиннің құрметіне 1981 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Жарысқа 16 команда қатысады.