Қазақстан жастары бесінші орынға ие болды
Бесінші орын үшін болған кездесуде Қазақстан жастар құрамасы «Санкт-Петерубргты» 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Букмекерлік кеңселердің пайымдауы бойынша бұл кездесуде Санкт-Петербургтық команда фаворит саналған болатын.
Ойынның 27-ші минутында «Ордабасылық» шабуылшы Максим Фильчаков есеп ашты. Араға төрт минут салып «Санкт-Петерубрг» қақпасында екінші доп тулап жатты. Ол доптың да авторы Максим Фильчаков болды.
Негізгі уақыттың бітуіне бес минут қалғанда қазақстандық футболшылар есепті тағы бір допқа еселеді. Бұл доп Роман Муртазаевтің еншісіне жазылды. Роман осылайша мергендер тізімінде Ресей жастарының үздігі Руслан Боловпен теңесті.
Бұл кездесудің үздік ойыншысы болып елордалық «Астана» клубының жаңа ойыншысы Георгий Жуков танылды.
Ойын жөнінде Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Саулюс Ширмялис ҚФФ-ның ресми сайтына берген сұхбатында: «Бұл турнир біз үшін өте маңызды, сондықтан физикалық дайындықты бірінші планға қойдық. Турнирде біз бірінші құраммен өнер көрсеттік. Дәл бұндай құрамды бірінші рет құрдық. Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынынан кейін футболшылардың алаңдағы өзара түсіністігі жақсы орнады. Егер біз топтық кезеңде Латвия жастар құрамасына доп соққанымызда дәл қазір жоғарғы орындардың бірі үшін күресіп жататын едік. Біз әр кездесуге ұқыпты қарап, жақсы ойнауға тырыстық. Турнир біз үшін өте пайдалы болды», - деді.
Бас бапкер әлі де жаттығулар жасап, еңбектену керек екенін жеткізді. «Жаттығудың аты жаттығу, бізге әлі де шеберлігімізді арттыру керек. Бәрі де алдағы уақыта жақсы болады деп үміттенемін», - деді Саулюс Ширмялис.
Жетінші орын үшін болған кездесуде Литвалық жастар Латвия жастар құрамасын 1:0 жеңіп кетті.
Финалдық ойын Ресей мен Украина арасында өтсе, үшінші орын үшін Беларусь пен Эстония құрамалары кездеседі.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: kff.kz