"Қазақстан – бокстан әлемдегі ең мықты ел" - ағылшын бапкері
Англия құрамасының бас жаттықтырушысы Дэвид Эллоуэй Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында ОЖЖ жайында және қазақстандық боксшылармен спарринг туралы айтып берді:
"Қазақстан әлемдегі ең мықты бокс ұлты болғандықтан бірге жаттығу жиынын өткізуді шештік. Біз 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарынан бері жақсы қарым-қатынастамыз. Бүгінде қазақстандық боксшыларды жақсы қырынан таныдық. Біз үшін Қазақстан құрамасымен бірге дайындалу - ұтымды шешім.
Жаттығу жиынын өткізу үшін қыс мезгілі ыңғайлы деп шештік. Өйткені Ұлыбританияда Рождество мерекесінен соң демалыс уақыты бар. Демалыстан соң боксшылар бабына келу қажет. Қазақстанда спортшыларымыз мықты дайындық үстінде. Бізге бұл жақтың ауа-райы мен климаты жақсы әсер етті. Англияда Қазақстандағыдай аязды күндер болмайды. Бұған алдына ала қамданып, дайын келдік. Аязды күнде жаттығу спортшылардың физикалық жағдайына жақсы әсер етеді.
Жаттығу жиыны кезінде боксшыларымыз қазақстандық спортшылармен бірге жұптасып, әр түрлі жаттығулар жасайды. Күні кеше спаррингтер басталды. Қазақстан құрамасының әр салмақ дәрежесінде мықты боксшылары бар. Атап айтқанда, 52 кило, 57 кило және 69 килодағы боксшылардың қарымы мықты. Спарринг кезінде қазақстандық боксшылардың мықтылығына тағы көзіміз жетті. Үздік боксшылармен жаттығу – біз үшін таптырмас мүмкіндік", - деді ол.
Боксшылар ақпан айының басында Қытайдың Ухан қаласындағы лицензиялық турнирде бақ сынауы қажет еді. Алайда ұйымдастырушылар қалада жаңа коронавирустың белең алуына байланысты спортшылардың өміріне қауіп төндірмес үшін жарысты өткізбейтін болып шешті. Ухань қаласындағы лицензиялық турнир бокстан Олимпиада жолдамалары ойнатылатын алғашқы жарыс еді.
Олимпиаданың алғашқы жолдамалары 20-29 ақпан аралығында Сенегал елінде өтетін жарыста ойнатылады. Ал бокстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына Азия және Мұхит елдері аймақтық іріктеу турнирін 3-11 наурыз күндері Иорданияның Амман қаласы қабылдайтын болды.