«Қазақстан барысында» Қызылорданың намысын кімдер қорғайды?
Қызылорда облысындағы іріктеу сындарының ІІІ кезеңінде Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының және Қызылорда қаласының балуандары бақ сынады. Жарыстың I-II кезеңіне жалпы саны 1236 адам қатысты. Солардың ішінде 18 балуан облыстық сайысқа жолдама алған болатын.
Қызылордадағы іріктеу сындарының ІІІ кезеңіндегі белдесулерге Әділбек Серікбаев төрелік етті. Нәтижесінде 100 келіден жоғары салмақтағы Руслан Әбдіразақов пен Нұрым Сәлімгереев (100 келі) 2015 жылғы «Қазақстан барысына» жолдама алды.
Руслан Әбдіразақов «Қазақстан барысына» төртінші рет қатысқалы отыр. Ол өткен жылы қола жүлдегер атанған болатын. Ал Нұрым Сәлімгереев бұл додаға алғаш рет қатысқалы отыр.
Айта кетейік, ереже бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу жарыстары төрт кезең бойынша ұйымдастырылады:
- ауылдар мен елдімекендерде;
- аудандық, қалалық жерлерде;
- облыстық іріктеу жарыстары;
- турнирдің шешуші кезеңі;
Ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық жарыстар мен турнирдің ақтық сыны 18 жастан жоғары ересектер арасында +80 келі, яғни абсолюттік салмақ категориясы бойынша өткізіледі. Ақтық сынға ауылдық, аудандық жерлердегі іріктеулерден өткен облыстық кезеңдердің және Астана, Алматы қалаларының жеңімпаздары мен күміс жүлдегерлері жолдама алады. Дәстүр бойынша финалға іріктеу кезеңдерінен өткен 32 балуанмен қатар былтырғы жылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов та қатысады.
Республикалық турнир биыл шілде айының 5-інде Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтетін болады. Алдағы уақытта өзге облыстардан да үздік шыққандар анықталады.
Ұқсас жазба
2015 жылғы «Қазақстан барысы» қандай жүйеде өтеді?
Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысына» бесінші рет қатысады
Сурет: kazakhstanbarysy.kz