«Қазақстан барысына» Алматы облысынан баратын балуандар іріктелді

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ kazakhstanbarysy.kz

«Қазақстан барысы» турнирінің ресми сайты таратқан ақпарат бойынша, Алматы облысындағы іріктеу сындарының ІІІ кезеңінде Ақсу, Алакөл, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Қарасай, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Райымбек, Сарқант, Талғар, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай, Талдықорған, Текелі қалаларының балуандары бақ сынады. Жарыстың I-II кезеңіне жалпы саны 1 347 адам қатысты. Солардың ішінде 38 палуан III кезеңге жолдама алған болатын.

Қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен Александр Касачев (90 келі) пен Қазыбек Рамазанов (80 келі) 5 шілде күні «Қазақстан барысының» шешуші кезеңінде Алматы облысының намысын қорғайтын болды. Өткен жылы Алматыдан Айдос Қаңлыбаев ("Жетісу барысы") пен Саят Шәмшиев ("Алакөл барысы") қатысқан болатын. Бірақ, жүлделі орындардан көріне алмаған-ды.

Республикалық шешуші кезеңде бақ сынайтын балуандар арасында 2015 жылдың 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Жиын барысында балуандар тереңдетілген медициналық тексеруден және допингтік бақылаудан өтеді.

Айта кетейік, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінде Мұхит Тұрсынов жеңіске жеткен. Ал финалдық бәсекеде жеңілген Асыл Бәрменов «Алтын белбеу» иегері атанған еді. Турнирдің қорытындысы бойынша 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» Мұхит Тұрсынов 150 мың АҚШ долларын қанжығасына байласа, оның бапкеріне 20 мың АҚШ доллары табысталған-ды. «Алтын белбеу» иегері Асыл Бәрменов 100 мың доллар көлемінде сыйлық алса, бапкері 10 мың доллармен марапатталған. Биылғы жарыстың жүлде қоры 350 000 АҚШ долларынан жоғары болмақ. 

Ұқсас жазба

2015 жылғы «Қазақстан барысы» қандай жүйеде өтеді?

Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан барысына» бесінші рет қатысады

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама