Қазақстан әйелдер құрамасына жаңа бапкер тағайындалды
Ол бұл қызметті 2005 жылдан бері атқарып келе жатқан Вадим Присяжнюктің орнына келмек. Вадим Присяжнюктің жетекшілігімен біздің командамыз құрлықтағы үздіктер қатарына енді. 2005 жылдан бастап бұрымды боксшыларымыз әлем чемпионаттарынан бес алтын, төрт күміс және жеті қола медал иеленген. 2012 жылғы Олимпиада ойындарында Марина Вольнова, 2016 жылғы Олимпиадада Дариға Шәкімова қола жүлдегер атанды.
Бас бапкер мықты құрам жасақтап, спортшыларымыз халықаралық турнирлерде үздіктер қатарынан көрінжі. Қазақстан бокс федерациясы ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен еліміздегі боксшыларды дайындауға қосқан үлесі үшін Вадим Присяжюкке алғыс білдірді.
Соңғы Азия чемпионатында біздің боксшы қыздарымыз алтын мен күміс жүлдеге жете алмады. Осыдан соң, бапкерлер кеңесі команданы дайындау үшін жаңа күш, жаңа бағыт керек деп шешкен.
Әйелдер командасының басшылығына келген Ерік Алғабектің еңбек өтілі – 15 жыл. 2011-2016 жылдар аралығында жасөспірім қыздар мен жастар командасының бас бапкері қызметін атқарып, әлем чемпионаттарынан 4 алтын және 23 қола медаль жеңіп алуға септігін тигізген. 2011 жылдан бері Алғабек олимпиадалық даярлау орталығында аға бапкер қызметін атқарды.