Қазақстан әйелдер құрамасы қарсыластары анықталды
Дүбірлі доданың финалдық кезеңіндегі 24 ұлттық құрама 4 топқа бөлінді. Қазақстан әйелдер құрамасы Ресей, Тайланд, Нидерланды, солтүстік пен орталық Америка және Кариб бассейні аймақтарынан қосылатын бір-бір командалармен бір топта бақ сынайды. Америка құрлығы атынан қандай командалар қатысатыны әзірге белгісіз. Жалпы, Халықаралық волейбол федерациясы бұл құрлыққа алты жолдама берген. Аталған құрлықтан әлем біріншілігіне қатысатын командалар 12 мамыр мен 9 маусымда болатын іріктеу кезеңінде анықталады.
Триест, Милан, Модена, Верона, Рим және Бари қалаларында өтетін Әлем чемпионаты Александр Гутор баптайтын әйелдер құрамасы үшін үшінші байрақты бәсеке болғалы отыр. Осыған дейін волейболдан Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатына екі рет қатысқан. 2006 жылы Жапонияда өткен біріншілікте 17-орыннан көрінсе, 2010 жылы да «күн шығыс» елінде өткен турнирде қарсыластарының барлығына есе жіберген Қазақстан құрамасы 21-орынға тұрақтаған болатын.
Жеребе қорытындысы:
«А» тобы, Рома қаласы: Италия, Германия, Аргентина, Хорватия, Тунис және Америка құрлығының бір командасы;
«В» тобы, Триест қаласы: Бразилия, Сербия, Түркия, Камерун, Болгария және Америка құрлығының бір командасы;
«С» тобы, Верона қаласы: Ресей, Тайланд, Нидерланды, Қазақстан және Америка құрлығының екі командасы;
«D» тобы, Бари қаласы: Жапония, Қытай, Бельгия, Әзірбайжан және Америка құрлығының екі командасы.
Естеріңізге сала кетсек, ХVII волейболдан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатын Италия 23 қыркүйек пен 12 қазан аралығында қабылдайды. Қазіргі таңда қазақстандық әуедопшылар барлық тұрғыдан дайындығын пысықтауда.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz