Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Олимпиада ойындарына қатысады. Бұл туралы ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді. - Бүгін Владимир Путин халық алдында сөз сөйлеп, ынта білдірген ресейлік спортшылардың қатысатынын мәлімдеді. Мен онымен келісемін. Ол спортшылар қай ту астында шығатыны маңызды емес, мұнда еш ереже бұзу жоқ деп анық айтты. Ол спортшыларды жақтаушы, ал мен оның пікіріне қосылам, - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Министр қазақстандық спортшылар 2018 жылғы қысқы Олимпиадада жетістіктерге қол жеткізу үшін дайындықтарын шыңдап жатқанын айтты. - Біз жақында Парламентке допингке қарсы қызмет бойынша заң жобасын ұсынамыз. Допингке теріс көзқарастамыз, әрине. Осы заң қабылданғаннан кейін Қазақстанда бұл мәселе қайта кездеспейді деген ойдамын, - деп атап өтті. Министр ресейлік депутат Виталий Милонов 2018 жылғы Олимпиада ойындарына қатыспауға шақыруына қатысты да өз ойын айтты. - Бұл көзқарас қана. Бәрінде бар. Әрбір тұлғаның айтқанына қарай берсек, дұрыс болмайды. Мемлекет ұстанымы бар. Қазір бізде 17 жолдама бар, бұл қуантады. Біздің қазіргі мақсат көбірек жолдама алып, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсету, - деді Мұхамедиұлы. Айта кетейік, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Виталий Милонов БРИКС елдерінің - Беларусь, Қазақстан мен Қырғызстанның Ұлттық Олимпиада комитеттеріне Ресей шеттетілген жағдайда ниеттестік ретінде 2018 жылғы Олимпиада ойындарына қатыспауға шақырған болатын. Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары 9-28 ақпан аралығында өтеді. Қазақстандық спорт делегациясы бұл додаға 9 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) секілді спорт түрлерінен отандастарымыз бақ сынайды деп күтілуде.