Қазақ спортшысы Айдар Махметов джиу-джитсудан Мәскеуде өткен АСВ аясындағы әлем чемпионатында топ жарды. Бұл туралы спортшы facebook желісіндегі парақшасында жазды. - Көп күттірген алтын жүлдеге ақыры қол жеткіздім. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қызылкүрең белбеу иегерлері арасындағы шеберлер дивизионында (36-40 жас) сайысқа түстім. Үш белдесу - үш жеңіс: ресейлік, армян және финалда ирандықты жеңдім. Досым Мұрат Бермұхамбетов те өзге санатта қола жүлдегер атанды. Ризамын, - деп жазды спортшы. АСВ JJ WORLD CHAMPIONSHIP GI 2018 жарысы ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында да өз жеңімпаздарын анықтады. 9 татамиде болған бәсекеде бразилиялық білікті төрешілер қазылық жасады.