Қазақ футболшылары Ресеймен өткізген ойындарын қалай бағалады?

О Сансызбай Корреспондент

Юрий Красножан, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Алғашқы минуттарда көп қателіктер жіберіп жаттық. Бірінші тайм аса көңілімнен шықпады. Ал екінші кезең маған өте ұнады. Мүмкіндіктеріміз көбейе бастады. Гол соға алмадық, жібермедік те. Бүгінгі тең нәтиже әділетті деп есептеймін.

Самат Смақов, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны:

- Кездесу екі түрлі әсер қалдырды, жеңетін мүмкіндік болды, жеңіліп қалуымыз да ықтимал еді, – дейді Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны. - Шабуылды түйіндеу жетіспеді. Сырт алаңда тең ойнаған - жақсы нәтиже, дегенмен Ресейдің негізгі құрама алаңға шықпағанын ескерген жөн. Алайда, ойын қызықты өтті. Исландиямен өткізген алаңға шыққан футболшылар бүгін 100 % беріліп ойнады. Сол ойыннан кейін үш-ақ күн өтті. Жанкүйерлерді аз да болса, қуанттық. Исландиямен өткен ойыннан кейін жанкүйерлер реніш білдірді, мен оларға аз да болса сенімді қайтарғанымызға қуаныштымын.

Айта кетейік, Самат Смақов Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 65-ші ойынын өткізді.

Тоқтар Жаңғылышбай, Қазақстан құрамасының шабуылшысы:

- Алғаш рет алаңға шыққаныммен, ешқандай толқу болған жоқ. Ұлттық құрамадағы көптеген футболшылармен бірге ойнадым, Аз ғана уақытқа алаңға шыққаныма қарамастан, менде екі жақсы мүмкіндік болды. Бірінші - мен гол соғуға мүмкіндік жасайтын пас бердім, екінші - менің өзім допты қақпаға дәл бағыттай алмадым. Тәжірибе жетіспеген сыңайлы, әлі де жаттығу жүргізу керек.

Георгий Жуков, Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы:

- Ойынның басында аздаған күмән болды, бірақ кейін қорықпай ойнадық. Қарсыластан төмен емес екенімізді түсіндік. Екінші таймда қарқынды арттыра түстік, кейбір сәттерде сенімді қимылдаған кезде гол соғатын мүмкіндіктер болған еді. Үзілістен кейін жаттықтырушы қорықпай, футбол ойнау керек екенін айтты. Ойынның басында қобалжыған жоқпын, мен өз ойынымды іздедім. Алаңға бой үйрету үшін ойынға ену керек болды.

Айта кетейік, кеше Георгий Жуков, Тоқтар Жаңғылышбай және Стас Покатилов ұлттық құрама сапындағы бірінші ойындарына шықты. Көптеген спорт мамандары Ресейден гөрі Қазақстанның ойын мәнері ұнағанын хабарлауда. Десе де кеше Фавио Капелло алаңға негізгі құрамын шығармағанын ескерген жөн. Ресейліктер сапында 7 ойыншы ұлттық құрамадағы тұсаукесер ойынына қатысты.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 12 маусым күні Түркияға қарсы өтізеді. 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы ойын Алматы қаласындағы Орталық стадионда өтеді. 

Сурет: kff.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама