Украинаның Херсон қаласында ұйымдастырылған КСРО спорт шебері Николай Мангерді еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды. Қазақ боксшылары 7 бірдей жүлде жеңіп алды. 49 кг салмақта Жандос Несіпжан жарыс жеңімпазы атанды. 56 кг-да Нұрбол Қалжанов мықтылығын мойындатып, үздік екенін дәлелдеді. Сондай-ақ 64 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Қуан Қуатов та қарсыластарының барлығын ұтып, алтын медаль иеленді. Азат Махметов (52 кг) пен Нұрболат Сермаханов (+91 кг) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Қола медальді Қанағат Маралов (69 кг) пен Ерік Әлжанов (75 кг) иеленді. Жарыс қорытындысы бойынша Қуан Қуатов техникалық шеберлігі ең мықты боксшы атанса, қазақстандық бокс маманы Руслан Бибуев үздік төреші марапатына ие болды. Бокстан Қазақстан құрамасы үшін 2018 жылдың басты жарысы тамыз айында Джакартада (Индонезия) өтетін Азия ойындары. Халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен боксшылар осы додада ел намысын қорғайды. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов айта кеткендей, Азия ойындарына қатысатын боксшылар шілде айында белгілі болады.