Бокстан Финляндия елінің астанасы Хельсенкиде Gee Bee халықаралық турнирі аяқталды. 37-ші рет ұйымдастырылған жарыста қазақ боксшылары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қазақстаннан барған 6 боксшы да жүлделі орыннан көрінді. 56 кг салмақ дәрежесінде Қайрат Ералиев финалда мажар елінің боксшысы Нандор Соканы жеңіп, жарыс жеңімпазы атанды. 69 кг-ға дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов топ жарды. Бұл салмақтағы сенім осы жігітке артылып отыр. Себебі Данияр Елеусінов пен Садриддин Ахмедов кәсіпқой боксқа ауысты. Абылайхан Gee Bee турнирінің финалында британдық боксшы Харис Акбарды жеңді. 81 кг салмақта Бек Нұрмағанбет жарқын жеңісімен жанкүйерлер есінде қалды. Финалда отандасымыз ресейлік боксшы Артем Агеевті нокаутқа түсірді. Риодағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит те қарсылас шыдатпады. Жарыстағы үздік боксшы атанды. Финалда украиналық боксшы Константин Пинчуктан айласын асырды. Қазақстан құрамасының қоржынына түскен бесінші алтын медальды аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев иеленді. Ол финалда британдық боксшы Соломон Дакросты жеңді. 52 кг-ға дейінгі салмақта жұдырықтасқан Олжас Байниязов финалда француз Билал Биннаманға есе жіберіп, күміс медальға ие болды. Жалпыкомандалық есепте қазақ боксшылары бірінші орын алды. Ресей құрамасы 2 алтын 3 күміс 5 қола медальмен екінші орынға ие болса, швед боксшылары 2 алтын 1 күміс 1 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді. Қазақ боксшылары 12-17 наурыз аралығында Польшадағы Феликс Штамм атындағы халықаралық турнирге қатысады. Оған ұлттық құрама сапында 10 боксшы қатысады. Бокстан Қазақстан құрамасы үшін 2018 жылдың басты жарысы тамыз айында Джакартада (Индонезия) өтетін Азия ойындары. Халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен боксшылар осы додада ел намысын қорғайды. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов айта кеткендей, Азия ойындарына қатысатын боксшылар шілде айында белгілі болады.