Қазақ балуаны Олимпиада чемпионын ұтты (видео)
50 елден 350-ге жуық спортшы қатысқан жарыста Қазақстан құрамасы бір қола медальға ғана қол жеткізді. Ауыр салмақта Ержан Шынкеев Гран При турнирінің жүлдегерлері қатарынан көрінді.
Ержан Шынкеев алғашқы белдесуінде бразилиялық дзюдошы Искуарде Руанды ескерту бойынша жеңіп шықты. Қарсыласы сылбыр күрескені үшін 3 шидо алды. Екінші айналымда Грузия елінің балуаны Адам Окурашвилиді вазари ұпайымен қапы қалдырды. Үшінші айналымға сүрінбей өткен қазақ балуаны жапон дзюдошысы Харасауа Хисояшиге қарсылас атанды. Бұл белдесуде төреші Ержанға 3 шидо көрсетіп, қарсыласын жеңімпаз ретінде таныды. Қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік берілетін жұбаныш белдесуінде Ержанның қарсыласы Хаммо Якив боз кілемге шықпай, отандасымыз жүлделі орынға таласуға мүмкіндік алды.
Қола жүлде таласта Ержан Шынкеев Рио Олимпиадасының чемпионы Лукаш Крпалекпен кездесті. Қарсыласын вазари ұпайымен жеңіп, Гран При турнирінің қола медалін жеңіп алды.
Айта кетейік, Ержан Шынкеев дзюдошы ғана емес, қазақ күресінен де еліміздегі танымал балуандардың бірі.